Дания билігі қоғамдық орындарда діни мәтіндерді қорлауға тыйым салатын заң жобасын ұсынады.
«Заң жобасы аясында Құранды немесе Библияны көпшілік алдында өртегендерге жаза қолданылады. Бұл тек қоғамдық орындарда және көпшілік жиналатын жерлерде жасалған іс-әрекетке қолданылады», - деді елдің Әділет министрі Питер Хуммельгаард.
Заңды бұзу айыппұлдармен немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады деп жоспарлануда.
Данияда шетелдік туларды өртеуге тыйым салу туралы заң бар.
Тамыз айының басында Данияның жеті оппозициялық партиясының өкілдері Үкіметтің Құран өртеніп жатқан наразылық акцияларын заңсыз ету жоспарына қарсылық білдірді. Олардың пікірінше, бұл елдегі сөз бостандығын бұзады.
Жазда Данияда мұсылмандар үшін қасиетті кітапты өртеп жіберген ұлтшылдардың қатысуымен көптеген акциялар өткен болатын.