Бір бозбаланың қайтыс болғаны белгілі
Өзбекстан астанасында алапат жарылыс болды. Оқиға Ташкент әуежайының маңында болған. Бұл туралы Өзбекстанның Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті Telegram-каналдар хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, жарылыс Ташкент әуежайындағы кеден қоймасының аумағында болған.
Әлеуметтік желілерде жарылыс толқыны эпицентрден 30 шақырым жерден сезілгенін жазып жатыр. Ташкент тұрғындары әуежай маңындағы үйлерде қатты өрт шығып, терезелері сынғанын хабарлады.
Өзбекстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өрт ел астанасының Сіргелі ауданында болғанын атап өтті. Құтқарушылардың айтуынша, қоймалар найзағай түскен соң өртенген.
Әзірге өрт салдарынан жараланғандар немесе қаза болғандар туралы ресми ақпарат түспеген. Алайда, ұйықтап жатқан 17 жастағы бозбаланың мойнына әйнек сынығы түсіп, көз жұмғаны туралы әлеуметтік желіде хабарланды. Сондай-ақ 5 адамның зардап шеккені туралы жазылып жатыр.
Оқиға орнына дереу 16 өрт сөндіру және авариялық-құтқару бригадасы мен 3 баспалдақты көлік жұмыс істеп жатыр.