Жарылыс адамдардың салғырттығынан болды
Үндістанның оңтүстігіндегі Тамилнад штатында пиротехникалық заттар сақталған екі қоймада жарылыс болып, салдарынан 17 адам қаза тапты.
Оқиғалардың бірі сейсенбі күні Ченнаи қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 547 шақырым қашықта болған. Фабрикаға іргелес орналасқан дүкен қызметкерлері тұтынушылардың көзінше отшашуды сынап жатқан кезде жарылыс болған.
Екінші жарылыс Сивакаси маңындағы басқа зауытта отшашуға арналған химиялық заттарды өндіру кезінде болған.
«Пиротехникалық заттар қоймасындағы жарылыстан 14 жұмысшы тірідей өртеніп кетті. Отшашу ұшқындары жұмысшылар жүк реттеп жатқан қоймаға түсіп, жарылыс туындаған. Ал келесі оқиға зауытта болған, ондағы жарылыстан бір жұмысшы қаза тапты», - дейді полиция өкілдері.
Ал, сәрсенбіде Ренгапалаямедегі отшашу жарылысынан қаза тапқандардың саны 17-ге жеткені хабарланды. Белгілі болғандай, ауыр күйік алып ауруханаға жеткізілген тағы үш адам ес жимастан көз жұмған. Соңғы құрбан – 19 жастағы жұмысшы Сент-Джон ауруханасында қайтыс болды.
Қазіргі кезде полиция бес адамға, оның ішінде ғимарат иелері саналатын әкелі-балалы екі адамға қарсы қылмыстық іс қозғады.