«Сөйлесетін еркек жоқ па?»: кәсіби спортшы Бүркіттің қарындасын соққыға жыққан

Азамат Ахметов

Блогер Әсел Асқар әлеуметтік желідегі парақшасында фитнес клубта соққыға жығылғанын айтты. 

Әнші Бүркіттің қарындасы айтқандай, ер азамат мобилографтың оны түсіргеніне наразылық білдірген.  

«Мен оған сізді ешкім түсіріп жатқан жоқ деп түсіндірдім. Ол менің ашумен айтқан сөзімді көтере алмай қасыма келіп, бірнеше рет соққы жасады. Сол жерде тұрған 3 қызға қоқан-лоқы көрсетіп, қорқытты. Ол кәсіби спортшы болғандықтан, мен алған соққыдан зардап шектім. Кейін оқиға орнына анам келді. Ол анамды да менсінбей, «сөйлесетін еркек жоқ па?» деп біздің жеке басымызға өтіп, балағат сөздерді айтты. Мен оқиғадан кейін ол жерге жедел жәрдем шақырып, Медеу аудандық полиция бөліміне арыз жаздым», - деді дейді Әсел Асқар.  

Блогер атағандай, кәсіби спортшы өте ауқатты және жазадан сытылып кетуі де мүмкін.  

«Ол – VIP клиент, яғни 3 млн теңге төлеп отыр. Астындағы көлігі де қымбат. Сол үшін де ешкімнен қорықпайды. Тіпті, менен кешірім де сұрамады. Оның осыған дейін «бұзақылық» бойынша істі болғаны да анықталды. Қыруар ақшасы болғандықтан жазадан құтылып кететініне сенімді болып отыр. Мен заң аясында оның жазаланғанын қалаймын. Қазақстанда ешбір әйел зорлық-зомбылыққа ұшырамауы керек. Заң бізді толық қорғауы керек», - деп блогер үндеу жасады.  

Блогердің үндеуіне Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов іс назарға алынғанын айтып, жауап берді.