Алматыдағы дельфинарий қазақша қызмет көрсетуден бас тартып, сотпен қорқытты – блогер

Азамат Ахметов

Билік өкілдері бұл мәселеге қатысты пікір білдірген жоқ

Ticketon.kz

Алматыдағы дельфнарийлердің бірі қазақша қызмет көрсетуді талап еткен клиентті сотқа беремін деп қорқытқан. Бұл туралы белгілі қоғам белсендісі Бурахан Дақанов өзінің Facebook-парақшасында жазды.

Отбасылық мерекеге орай 9 баланы ертіп дельфиндер шоуын көруге барған алматылық әйел ұйымдастырушылардан қазақша бағдарлама көрсетуді сұраған екен. Өйткені, билетте шоу орысша өтеді деп ескертілмеген. Сөйтсе, дельфинарий әкімшілігі «Біз мемлекеттік мекеме емеспіз, шоуды қай тілде өткізсек өз еркіміз» деп жауап қайырып, клиенттің өзіне қоқан-лоққы көрсеткен көрінеді.

«Билеттің ақысын қайтармады. Тілге қатысты мәселеге мүлдем жауап берген жоқ. Артынша 2gis қосымшасында дәл осы мәселені көтеріп пікір жаздық. Олар «ұлтаралық алауыздықты қоздырдың» деп сотпен қорқытты», - деп жазды Б.Даханов.

Яғни, мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді сұрасаң ұлтараздықты қоздырғаның болып шығады.

Белгілі заңгер Абзал Құспан болса мұндай кәсіпкерлермен қоғам болып «күресу» керек деген пікірде. 

«Бұл енді ресми органның жауабы емес, олардың жеке пікірі ғана, яғни олар осылай жазды екен деп іс қозғалады деген ой туындамау керек. Бұндай жеке компанияларға қатысты қоғамдық қысымды күшейтіп, тұтынушылардың наразылығы арқылы әсер еткен жөн. Сондықтан Жазира сияқты ел 2Gis т.б., анықтамалықтарға жаппай пікір қалдырғанымыз тиімдірек», - деп ойын білдірді танымал адовкат.

Айта кету керек, аталған дельфинарий әлеуметтік желідегі парақшаларын да негізінен орыс тілінде жүргізеді.