«Мемлекеттік саясат діни пәтуалармен реттелмейді»: Аида Балаева оқушылардың хиджаб киюі жайлы

Азамат Ахметов

Қоғамда хиджаб дауы тоқтайтын емес

Tengrinews.kz

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева хиджаб кию мәселесіне қатысты пікір білдірді.

«Қазір әлеуметтік желіде мектептерде хиджаб кию мәселесіне қатысты талқы тоқтар емес. Осыған байланысты, діни салаға жауапты лауазымды тұлға ретінде өз тарапымнан түсініктеме беруді жөн көріп отырмын. Ата Заңымызға сәйкес, Қазақстанда дін мемлекеттен бөлінген. Сөз жоқ, мемлекет дін бостандығына кепілдік береді. Бірақ біз - зайырлы елміз! Сол үшін де мемлекеттік саясаттың барлық мәселелері діни пәтуалармен емес, азаматтық нормалармен реттеледі. Құқықтық-нормативті актілер әрбір оқушыға мектеп қабырғасында арнайы бекітілген форма киюді міндеттейді. Өйткені, білім беру ерекшелігі бірыңғайлықты талап етеді. Ал Конституциямыз бойынша мектептің міндеті – ел азаматтарына сапалы білім беруге кепілдік беру және оны қамтамасыз ету», - деді Балаева.

Министр мектепте бала ең алдымен сапалы білім алуы керегін жеткізді.

«Содан кейін барып, ер жете келе діни наным-сенімін, қандай киім үлгісін киетінін өзі шешеді деп ойлаймын», - деді ол.

Осыған дейін Мүфтият оқушылардың хиджаб киюіне рұқсат беру жайлы ұсыныс айтқанын хабарлаған болатын.