Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

Түркістан облысындағы ауылда мұғалімдер интернетпен жұмыс істеу үшін жол бойына шығады

Азамат Ахметов

Цифрландыру министрі болса интернет жылдамдығы бойынша Токиодан озып кеттік деп мәлімдеме жасаған

Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы Аққұм ауылының мұғалімдері интернетке қосыламыз деп тау жағалап жүр, деп жазды Otyrar.kz. 

Мұғалімдер күнделікті электронды журналдарды толтыруға міндетті. Ал оқушылар информатиканы тек теория жүзінде оқуға мәжбүр. Мектеп компьютерлері шаң жинап тұр. 

«Бізге аудан орталығынан көптеген электрондық хат жіберіледі. Оларды интернетсіз ашу мүмкін емес. Сондықтан біз бұл үшін жиі сөгіс аламыз», — дейді информатика пәнінің мұғалімі Алмас Сарман.

Мектептің өзінде интернет бар. Айына тек 10 гигабайт бөлінеді. Бұл өте аз, трафик алғашқы үш күнде аяқталады. Интернеттің жылдамдығы туралы айтып та керегі жоқ.

Мұғалімдер екі жылдан астам уақыт осылай жұмыс істеп отыр. Жол жиегінде тұрып, ноутбуктермен қаруланған мұғалімдер электронды журналдарды толтырады. Ал күн суығанда көрші ауыл тұрғындарына қонаққа барады. 

«Кейде біз кафеге кіреміз, онда таныстар жұмыс істейді. Бірақ, адамдар ішімдік ішіп, шу шығарады. Біз түкпірге отырамыз және жұмысымызды істейміз. Әр тоқсан сайын біз есеп беруіміз керек. Сол кезде түнгі 12-ге дейін жұмыс істейміз. Балаларымыз қараусыз қалады. Біз мектепте де, үйде де емеспіз. Адамдар мұнда Аққұм мұғалімдері сығандар сияқты деп келемеждейді. Ал бізге бұл мүлдем күлкілі емес», - дейді бастауыш сынып мұғалімі Құралай Қожабергенова.

Жергілікті билік бұл жағдайдан хабардар. Ауылда спутниктік станция орнатылған. Мәселені шешу үшін 45 метрлік мұнара орнату керек. Тіпті демеуші де табылған. Бірақ ұялы байланыс операторымен келісу мүмкін болмаған.

«Министрлік тарапынан оптика жүргізіледі. Осы жылдың соңына дейін немесе келесі жылы оптика төсеу жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Осыдан кейін базалық станция жұмысының сапасы жақсарады деп үміттенеміз», — деді Қазығұрт аудандық әкімдігі бөлімінің бас инспекторы Ерсайын Нұрлыбек.

Еске салсақ, осыған дейін Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин интернет жылдамдығы бойынша еліміз Токиодан озып кетті деп мәлімдеме жасаған еді.

Сізге қызықты болады