Марқұмның ата-анасы қылмыскерлер жазадан құтылып кете ме деп қауіптеніп отыр
Түркістан облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында 9-сынып оқушысы Аружан Орынбайдың өліміне қатысты іс қаралып жатыр деп хабарлайды Otyrar.kz.
Сотталып жатқан екі күдіктінің бірі – 11-сынып оқушысы. Ол да сол Аружан оқыған мектептен. Екіншісі – 19 жастағы жас жігіт, Төрткүл ауылының тұрғыны.
Марқұмның туыстары екі бала жазадан құтылып кете ме деп уайымдап отыр. Өйткені, екеуі де дәулетті отбасыдан, ата-анасы қаматпау үшін қолдан келгенін жасайды дейді.
«Төлеп – бұрынғы әкімнің баласы, ал екіншісі бай отбасыдан шыққан. Ауылдастардың айтуынша, олар қазірдің өзінде бес адвокат жалдап, қорғанып жатыр. Біздің ойымызша олар прокурор мен судьяны да сатып алған. Бір ғана талабымыз бар – сот барынша әділ өтуі керек», - дейді Аружанның анасы Динара Зілғараева.
Айта кетейік, аталған қылмыс биыл сәуір айында болған. Жеткіншек қыздың жартылай жалаңаш фотосуретін тауып алған екі бала оны ақшаға бопсалаған. Арада жанжал туып, екеуі қыздың кеудесіне екі рет пышақ сұғып, денесін каналға лақтырып жіберген.
Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі күдіктілерге Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылғанын мәлімдеді.