Педофилдікке күдіктілер бұл әрекетін камераға түсірген көрінеді
Қонаев қаласының екі полицейін 14 жастағы қызбен жыныстық қатынасқа түскені туралы ақпаратты «НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі әлеуметтік желіде жазды.
Ең сорақысы, бұл педофилдік әрекетті полиция басшылары білген көрінеді. Алайда, істі жылы жауып, екеуін жұмыстан шығарып жібере салған екен.
«Шұғыл! Бізге анонимді дереккөз хабарлағандай, Қонаев қаласында екі полиция қызметкері өздерінің қызметтік жағдайын пайдаланып, 14 жастағы оқушымен жыныстық қатынасқа түсіп, оны видеоға түсірген (қазір бейнежазбаны қызметкерлердің өздері таратып жатыр). Бізге олардың бірі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор, екіншісі ғимаратты күзету жөніндегі полицияның қызметкері екені айтылды», - деп жазды Дина Таңсәрі.
Алматы облысында болған кезекті сұмдық жайтты бүгінде Полиция департаментіндегілердің бәрі білетін көрінеді. Таңсәрінің айтуынша, қоғамда туған резонанстан кейін екі күдікті де қамауға алынған.
«Қазір екеуі де қамауға алынып, өткен уақытпен жұмыстан шығарылғанын білеміз. Бүкіл ПД біледі, бірақ бастықтар үндемеуді бұйырды! Бұл ақпарат қаншалықты сенімді, Рустам Әбдірахманов? ҚР Бас прокуратурасынан ақпаратты жеке бақылауға алуды және тексеруді сұраймыз. Біз бұл жағдай туралы білгендіктен, бұл туралы үндемей қала алмаймыз, өйткені қылмысты жасырғанымыз үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі бар», - деді ол.