Қылмысын жасыру үшін ол қызды жоғалып кетті деп полицияға арыз жазған
Павлодар облысында жоғалып кеткен 7 жасар қыздың мәйіті табылды. Оны айуандықпен өлтірді деген айыппен анасы ұсталды.
2015 жылы туған Давыдова Милананы полицейлер мен еріктілер үш тәулік бойы іздеп, ақыры өлі денесін тапты.
«Кәмелетке толмаған баланы өлтірді деген күдікпен полиция қызметкерлері анасы мен танысын ұстады. Ұсталғандар қылмысын мойындады. Кісі өлтіру фактісі бойынша ҚР ҚК 99-і бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Оқиға орнында мамандандырылған топ жұмыс істейді, олардың қатарында Павлодар облысы Полиция департаменті, прокуратура және Павлодар облысы әкімдігінің қызметкерлері бар», - делінген Полиция департаменті таратқан хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін жеті жасар Милана Давыдованы іздеу шаралары жүргізілген болатын. Бесқауға ауылында — Екібастұздан 55 шақырым жерде — бала жоғалып кеткені туралы хабар 17 қарашада сағат 21:14-те Төтенше жағдайлар департаментіне келіп түсті.