Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

«Өте әлсіз»: Аймағамбетов Ішкі істер министрлігінің жоспарын сынады

Азамат Ахметов
parlam.kz

Оның айтуынша, аталған құжат тым қарабайыр

Мәжілістегі үкімет сағатында депутат Асхат Аймағамбетов Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке сұрақ қойып, министрліктің жоспарын сынға алды. 

Асхат Аймағамбетов полицейлердің есірткіге қарсы жұмыс жүргізу бойынша құрған жоспарын толық оқып шығыпты.  

«Әрине, болмағаннан гөрі мұндай жоспардың болғаны жақсы. Бірақ шынын айту керек, жоспар көңілден шыққан жоқ. Өте әлсіз. Неге? Өйткені, нақтылық аз. Осыған қатысты жоспар декларативті болып қала ма деп қорқамын. «Жетілдіру», «қарастыру», «ұсыныс беру», «бұйрық қабылдау» сынды пункттер өте көп. Мұндай пункттер өлшенбейді. Мен мемлекеттік қызметте жұмыс істеген азамат ретінде айтамын, мемлекеттік қызметте нақты мақсат қоймасаң, нәтиже болмайды. Индикаторларға келетін болсақ, айналдырған 8 индикатор. Медициналық оңалтумен қамту 2023 жылы 26 пайыз болса, 2025 жылы 30 пайызға жетеміз дейді. Өте әлсіз, біржақты, қолжетімді индикаторлар неге қоямыз. Есірткімен күрес ғылыми зерттеулерсіз мүмкін емес. Оны біз толық білуіміз керек», - деді депутат. 

Бұл сұрақтарға Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жауап берді.  

«Бұл жоспар 2015 жылға дейін болмады, мүлдем жұмыс істелмеді деп айту дұрыс емес. Президент арнайы тапсырма берді. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған. Бұл бірінші құжат. Қандай проблема бар, соларды қосамыз. Индикаторлар бойынша органдар өздерінің ұсыныстарын қосты. Бұл жалғасын табатын құжат болғандықтан, индикаторлар толықтырылып отырады», - деді Сәденов.

Сізге қызықты болады