«AMANAT-тың» депутаты қаматқан журналист бостандыққа шықты

Азамат Ахметов
Азаттық радиосы

«AMANAT» партиясынан Мәжіліске депутат болып сайланған Болатбек Нәжіметдинұлы қаматқан журналист Амангелді Батырбеков қайта бостандыққа шықты. Бұл туралы ол өзінің Facebook-парақшасында жазған.

Айта кетейік, «Сарыағаш-информ» газетінің бас редакторын мамандандырылған аудандық сот 3 шілдеде 20 күнге қамаған болатын. Журналистің үстінен Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжіметдинұлы арызданған. Оның сөзінше, Батырбеков әлеуметтік желіде жалған сөйлеп, депутаттың ар-намысына және қызметтік беделіне нұқсан келтірген көрінеді.

Амангелді Батырбеков сот шешімімен сол күйі келіскен жоқ, яғни жала жарқан жоқпын дейді. Ол Мәжіліс депутатының бұрын істі болғанын жазған екен. Ал, бұл сөзіме дәлел жетеді дейді.

Болатбек Нәжіметдинұлы (бұрынғы тегі – Әлиев) 2009–2013 жылдары аралығында қазіргі Түркістан, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған. 

Амангелді Батырбеков болса 2018 жылы Сарыағаштағы 7 жасар баланың зорланғаны туралы ең алғаш рет БАҚ-қа жазған журналист. 2019-2020 жылдары оның үстінен «жала жабу» бойынша бірнеше рет іс қозғалған. Жергілікті шенділердің «былығын әшкерелегеннен» кейін оған қатысты бірнеше рет арыз жазылған болатын. Ал, 2022 жылдың басында журналистке қастандық жасалды. Бетперде киген бірнеше адам түнде оның үйіне басып кіріп, ұлын әкесімен шатастырып атып тастаған. Жас жігіт тірі қалды. Ал, тергеу барысында осынау қылмысқа тапсырысты аудандық білім бөлімінің басшысы бергені анықталды. Шенді азамат ұсталып, ұзақ жылға сотталды.