Қазақстанда кеше жаңа екі министрлік құрылды
Саясаттанушы Санжар Боқаев Қазақстанда құрылған жаңа екі министрлікке және биліктегі ауыс-түйістерге қатысты пікірін білдірді.
Оның айтуынша, елімізде жаңа министрліктер құра бергеннен пайда жоқ. Оданша проблемалық салаларды басқара алатын білікті басшыларды тауып, соларға жүк арту қажет дейді ол.
«Президент кеше бірнеше министрді орнынан алып, жаңаларын тағайындады. Менің пікірімше, Қорғаныс, Ауыл шаруашылығы, Цифрлық даму министрлері, сондай-ақ үкіметтің қаржылық блогы түгел отставкаға кетуі керек еді. Бәлкім Әлихан Смайыловтың орнын сақтап қалу үшін осындай шара қабылданған шығар. Ал, жаңа құрылған министрліктерге ертең тағы миллиардтаған ақша жұмсалады. Оданша білікті басшылар тауып, соларға сенім арту керек еді», - дейді С.Боқаев.
Оның айтуынша, Қазақстанда жаңа министрліктер құрудан проблема шешілмейді. Бізде онсыз да министрліктер саны өте көп. Мәселен басқа елдерді қарайтын болсақ:
Швейцария – 7
Нидерланды – 8
Германия – 14
АҚШ – 15
Англия – 16
Жапония – 16
Ресей – 20
Ал, Қазақстанда енді 21 министрлік бар.
«Сонда қалай, біздің елдің экономикалық құрылымы бұл дамыған елдерден қарағанда күрделі ме? Әлде ол елдерде жоқ экономикалық сала бізің елде бар ма?» - деп таңырқады Санжар Боқаев.