Қаңтар оқиғасынан кейін билік өкілдерінің көбі Назарбаевтан теріс айналған
Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының депутаты Қазыбек Иса Нұрсұлтан Назарбаев ел басқарған уақытта болған былықтар туралы айтты.
Соңғы 30 жылдағы мұнай-газ, яғни стратегиялық кен орындарымен жасалған құпия келісімшарттарды қайта қарауды, халыққа тиімсіз, әділетсіз келісімдерді тоқтатуды біздің партия ұзақ уақыттан бері айтып келеді дейді ол.
«Шетелдіктермен кен орындары жайлы жасасқан Өнімді бөлу келісімдерін (ӨБК) ашық жариялау керек. Стратегиялық кен орындарындағы еліміз үлесі 51%-дан аз болмауын заңмен бекіту керек. Біз халқымызға қатысты әділетсіз болған жағдайда, Өнімді бөлу келісімдерін заңсыз деп тану керек», - деді Қазыбек Иса.
Оның айтуныша, Өнімді бөлу туралы келісім елдің емес, инвестордың мүддесі мен пайдасын қорғайды. Дамыған елдерде мұндай келісім жасалмайды. Мысалы, БАҚ мәліметінше, мемлекетке Қашағандағы мұнай мұхитынан тиетіні тамшыдай ғана 2 пайыз.
«Ал, Қашаған Қазақстанда өндірілетін бүкіл мұнайдың 20 пайызын береді. Осы орасан мұнай кенішінен бізге түсетін пайда жоқтың қасы болса, бұл жерде ешқандай да инвестордың елге тигізер игілігі жоқ. Бұл - шетелдік инвестор мен сол кездегі президент Назарбаев үшін зор келісім болған шығар, халық үшін қор келісім болды. Біз осы қорлыққа 30 жылға жуық төзіп келеміз», - деп айтты депутат өз сөзінде.
Иса атап өткендей, Конституцияға сәйкес, Қазақстанда халықаралық шарттар Парламент оларды ратификациялаған жағдайда ғана ұлттық заңнамадан үстем бола алады.