Ал, Қорғаныс министрі заң барлығына ортақ екенін айтты
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Мәжілістің жалпы отырысында лауазымды тұлғалардың ұлдарын әскерге міндеттеу мәселесін көтерді.
«Сіз статистиканы айттыңыз, әскерге 90 пайыз ауылдың жастары келеді деп. Мен осы уақытқа дейін министрдің баласы, әкімнің баласы әскерде жүр дегенді естімеймін. Осы заңның аясында жоғары лауазымды тұлғалардың балаларын, не өздерін 2 айлық әскери дайындыққа міндеттейтін норма қарастыруға бола ма?», - деді Зайытов Қорғаныс министріне.
Өз кезегінде Руслан Жақсылықов әскерге баласын жіберген адамдар ол туралы айтпайтынын жеткізді.
«Патриоттық деген жария етілмейді. Бұрынғы ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов туған екі жиенін әскерге өзі алып келді. Бұрынғы сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ұлы мектеп бітірген соң десанттық-шабуылдау әскерінде әскери міндетін өтеп, қазір АҚШ-тағы әскери училищенің курсанты болып отыр. Бұл үлгі емес пе? Министр мен депуттардың ұлдарын бөлетін норманың қажеті жоқ. Заң барлығына ортақ, тек оны кім қалай орындағаны маңызды», - деді Жақсылықов.
Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы талқыланып жатыр.