Проблема болған жағдайда байланыс операторына айыппұл салғызады
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өз телефонында ұялы байланыспен немесе интернетпен ешқашан проблема болмайтынын айтты.
Бүгін Үкіметте өткен брифингте министрден журналистер қандай ұялы байланыс операторын қолданатынын, интернетпен проблема болған кезде не істейтінін сұраған. Сөйтсе, Бағдат Мусинде мұндай проблемалар болмайды екен.
«Мен 2 ұялы байланыс операторын қолданамын. 2 sim-картам бар. Біріншіден, бұл тексеріс жұмыстарын жүргізуге ыңғайлы. Екіншіден, мен көбіне жұмыста боламын. Үйде де боламын. Онда wi-fi-да бар. Сондықтан жалпы мұндай үлкен проблемаға тап болмаймын. Бірақ ондай мәселе болғанда тиісті өтініштерді біздің радио мониторинг жүргізетін мекемеге жіберемін. Олар сол жердегі ақауды өлшеп, сол өлшем бойынша (ұялы байланыс операторына – автор) айыппұл береді»,- деді Мусин.
Министр сапасыз интернет ұсынып жатқан байланыс операторларымен проблеманы шешу үшін жұмыс істейтінін айтты.