Ол ірі көлемде пара алған деп айыпталуда
Прокурор судьядан Мәжілістің бұрынғы депутаты Нұржан Әлтаевты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
«Прокурор Олжас Хайроллаев бес минуттық жарыс сөзде тіркелмеген "Ел-Тірегі" партиясының жетекшісі Нұржан Әлтаевты белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады», – делінген дүйсенбі күнгі таралған ақпаратта.
Әлтаевқа ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде пара алу) бойынша айып тағылды.
«Әлтаевтың ісі бойынша сот отырысы мемлекеттік айыптаушының ұсынысымен 31 қазанда (алдын ала тыңдау кезінде) жабық деп жарияланды. Саясаткердің өзі кінәсіз екенін, оның ісінің саяси астары бар екенін айтады», - делінген аталған хабарламада.
Айта кетейік, Нұржан Әлтаев 2018-2019 жылдар аралығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі кезінде "Атамекен" ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметовтен ай сайын 5 мың доллар көлемінде пара алып отырған деп айыпталуда. Алынған пара көлемі 50 миллион теңгеден асады.