Ресейде Украинамен соғысқа «себеп болған» адамдардың бірі ұсталды

Азамат Ахметов
Фото ашық дереккөзден

Мәскеуде мойындалмаған Донецк халықтық республикасының өкілі Игорь Стрелков (Гиркин) ұсталды деп хабарлайды ресейлік БАҚ өкілдері. Алдын ала мәлімет бойынша оған «экстремизм» айыбы тағылған.

Игорь Стрелков 2014 жылы Донецкте арнайы жасақты басқарып, Украина әскерімен ашық қақтығысқа барған. Халықаралық қылмыстық істер бойынша сот оны малайзиялық «Боинг» ұшағын атып құлатқандардың бірі деп тауып, сырттай соттады. Стрелковтың өзі болса өзін Украинадағы соғысқа себеп болған адамдардың бірі деп есептейді.

Игорь Стрелков былтыр соғыс басталғалы бері Путиннің режимін қатаң сынап келеді, айтуынша, әскери генералдардың біліксіздігі Ресейді сәтсіздікке ұшыратып келеді. Ол тіпті, Владимир Путиннің өзіне қатысты да ауыр айыптар тағып келді.

Стрелковтың ұсталғанын оның әйелі де растады.

«Бүгін сағат 11:30 шамасында тергеу комитетінің өкілдері келді. Бұл уақытта мен үйде болған жоқпын. Консьерждің айтуынша, олар менің күйеуімді қолынан ұстап алып шығып, белгісіз бағытқа алып кеткен. Достарымнан білгенім, «экстремизм» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күйеуімнің қазір қайда екенін білмеймін», – деп жазды Игорь Стрелковтың әйелі Мирослава Регинская.