Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

Мамайдың кезекті құйтұрқы әрекеті: Байбектің өкілі белсендінің «былығын» әшкере етті

Азамат Ахметов
Фото ашық дереккөзден

Байбек пен Мамай арасындағы іс бойынша апелляциялық сот отырысы 16 тамызға жоспарланған

Заңгер Айжан Тәшенова Алматты қаласы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына Б.Байбектің ар-намысын, абыройын және іскерлік беделін қорғау жөнінде Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға қарсы талап-арызы бойынша аудандық соттың шешіміне берілген апелляциялық шағымға қарсылық пікір енгізді.

«Б.Байбектің Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға қарсы талап-арызы бойынша шығарылған сот актісі заңды және толықтай негізді. Ал апелляциялық шағымда келтірілген дәлелдер мүлдем негізсіз. Атап айтқанда, аппеляциялық шағым Қазақстан Республикасы  Азаматтық процестік кодексінің 404 және 427-баптарының талаптарына сәйкес келмейді, себебі бұл құжатта (қосымша тіркеп отырмын) іс үшін маңызы бар және шешімнің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болатын жаңа фактілер немесе бірде-бір нақты дәлел келтірілмеген», - деп жазды заңгер әлеуметтік желідегі парақшасына.

Оның айтуынша, жауапкерлердің шағымы заң тұрғысынан дұрыс рәсімделмеген. Бұған қоса, олардың осы уақытқа дейін таратқан жазбаларының жалған және ол пайымдарына еш дәлел жоқ екенін көрсеткен дейді.

«Таңқаларлығы сол, бұған дейін «масштабты коррупция» фактілері туралы барлығын сендіргісі келген Ж.Мамай мен И.Иманбаева өздерінің берген шағымдарында тек 2 мәселе – «Қазақфильм» АҚ жер учаскесі мен автобус сатып алу туралы айтқан. Нақты айтқанда, жауапкерлер сотқа қандай да бір жаңа құжат пен маңызды дәлел келтірмеген. Ал бұл екі мәселе де бұған дейін бірінші инстанциядағы сотта барлық растайтын құжаттарды зерттей отырып, егжей-тегжейлі қаралған болатын», - деп қосты ол.

Айта кетейік, заңгердің жазбасына сәйкес «Қазақфильм» АҚ жер учаскесі «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Этноленд» жобасын жүзеге асыру үшін Алматы қаласының туризм басқармасына берілген. Жоба мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен қоғамдық тыңдаудан өткен. Аталған жер телімі барлық уақытта мемлекеттік меншікте болған және бүгінге дейін мемлекеттік меншікте. «Қазақфильм» АҚ болса тек ұзақ мерзімді жалға алу құқығын ғана иеленген. «Этноленд» жобасы Б.Байбек әкім болып тұрған кезде бекітілгенімен, алайда оны одан әрі іске асыру мәселесі Алматы қаласының қазіргі басшылығының құзыретіне жатады. Себебі 2019 жылғы 28 маусымнан бастап, яғни 2 жылдан астам уақыт Б.Байбек әкім қызметін атқармайды.

Автобустарды сатып алу Қаржы министрінің 2017 жылғы 25 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу комитеті тарапынан орталықтандыра отырып жүргізілді. Яғни, Алматы әкімдігі тапсырыс беруші ғана болып автобустарды сатып алуға қатысу құқығына ие болған жоқ және осы себепті сатып алу нәтижесіне ешқандай әсер ете алмады. Бұл іс материалдарына қоса тіркелген конкурстық құжаттамамен расталған.

Сондай-ақ заңгер Ж.Мамай мен И.Иманбаева еш мазмұнсыз, негізсіз апелляциялық шағымы арқылы шешімнің заңды күшіне ену сәтін жасанды түрде созып бағуда деп мәлімдеді.

«Бәріне белгілі болғандай, жауапкерлер бірінші инстанциядағы сотта барынша көрсеткен деструктивті іс-әрекетін әлі де жалғастырып бағуда. Істі қарау мерзімдерінің кешіктірілуі, құжаттардың уақтылы берілмеуі, негізсіз өтініштер мен арыздар, даудың мәні бойынша сөйлемеу, сотқа және процестің барлық қатысушыларына құрметсіздік – міне осылар сот процесі барысында Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның бар сиқын көрсетті. Нәтижесінде, мен талапкер тарапы ретінде бірінші инстанциядағы соттың назарын адвокаттар мен жауапкердің өкілдері жіберген заң бұзушылықтар фактісі бойынша жеке ұйғарымдар шығаруға негіз бар екеніне аудардым. Енді бұл мәселені апелляция деңгейінде де көтеруді жоспарлап отырмын», - деді Тәшенова.

Сізге қызықты болады